10.04.2019, 16:12
Қараулар: 34
Сауықтыруға жанашыр жан керек

Сауықтыруға жанашыр жан керек

Ұлан ғайыр ұлы даланың атырабындағы Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай өлке. Жер жәннаты Жетісу, асқар шыңды Алтай, емдік қасиеті мол Алакөл, көрген көзді таң қалдырар Балқаш, суы балдай, шөбі шүйгін Баянауыл, ауасы шәрбат Қарқаралы, шаршаған жанды еріксіз көз тартатын Жайық – бәрі біздің елдегі көрікті жерлеріміздің бірсыпырасы ғана.

Қысқа ғана ғұмырда пенде болғасын ескі жылды есіркеп шығарып салып,  Жаңа жылда әрдайым жаңаша жаңалық күтіп, тынымсыз тіршілікте Ақордадан жолданған Жолдауға жәутеңдеп, өзімізге пайдалы жағын іздеп отырамыз. Жыл сайынғы Жолдауда елдің ахуалын көтеру мақсатында 2030 жылға дейін экономикалық-әлеуметтік биіктіктерге көтеру үшін рухани байлық – денсаулықтың қажеттілігін атап көрсеткені мәлім. Қазақ халқы «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі»  деп бекер айтпаса керек.

Мемлекет басшысының «100 аурухана,100 мектеп» бағдарламасына сәйкес,  2009 жылдың қараша айында Жаңақала ауданында Капустин Яр, Азғыр, Тайсойған әскери полигондарының зардап шегуші тұрғындарына 100 кереуетті ауданаралық сауықтыру орталығы алғашқы қадамын бастаған болатын. Алғаш жер ананың қойнына Семейде атом жарылып, шығыс жұртын шырылдатып, бірте-бірте Орда, Жаңақала аудандарының елді мекендерінде қол-аяғы, құлағының тесігі жоқ, жалғыз көзді, екі басты кеміс балалар полигонның зардабынан сәби шақтарынан бір кем дүниеде арпалыспен өтті.

Нарынға қасірет әкелген полигон қалай болды десек, КСРО Министрлер кеңесінің 1947 жылғы 3 маусымдағы №2642-817 қаулысына сәйкес Капустин Яр ракеталық полигоны құрылды. Орда ауданының 1,5 млн. гектар жері «Капустин Яр» полигонына берілді.  Ал ең алғашқы сынақ 1947 жылы 18 қазанда Мәскеу уақыты бойынша 10 сағат 41 минутта бірінші баллистикалық ракета сынақтан өтті. Территориясы үш географиялық аймаққа бөлінген бірінші аялдамасы Хаки соры — 1,5 млн.га, Жаңақала ауданы 500 мың.га, үшінші аялдамасы Тайсойғанға – 90 мың.га тиесілі болды. Ұшы-қиыры жоқ осы жерлерді залалсыздандыру тек мемлекеттің қолынан келеді. Жылы ғана жауып, «Нарынның іші – пана, сырты дала, Жаңақала – жайсаң жер» деп ауыз толтырып айтқанмен, полигонның зардабын тартқан, денсаулығынан айырылған қарапайым халыққа нендей көмек бере аламыз? Әрине, керуен кетті, көш жүрді.

10 жыл бұрын Жаңақалада 800 млн. теңге тұратын 3 қабатты терапия, неврология, физиотерапия бөлімдерінен тұратын  сауықтыру орталығы ашылды. Бойға  қан жүгіріп, ішке кірген індеттің беті қайтып, қамқорлыққа шөлдеген жандардың айызын қандырғандай болды. Жаңақаланың халқы қайырылмастан алға жылжып, өздеріндей зиян шеккен Қаратөбе, Тайпақ,  Жәнібек, Бөкей аудандарына қарашада қайырымды істің  бастауы болды. Содан бері 10 жыл өтті. Ұйымшыл ұжым жылы шыраймен, ыстық ықыласпен қарсы алған сауықтыру орталығы осы күнге дейін  жан-жақтан келген  15613 емделушіні қабылдаған. Біле білген адамға бұл үлкен көрсеткіш. Қолда бар медициналық аппараттармен 2709 мүгедекке, 9276 зейнеткерге, 477 жасөспірімге, 400-ден астам Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестіргендерге тегін ем-домдарын жасады. Жылдың төрт мезгілінде науқастарды қабылдайтын сауықтыруға бүгінде оң көзімен қарайтын билік пен «мен, мен» деген шенеуніктер керек. Айына екі рет 200  адам қабылдайтын орталықта әр адамға  бөлінетін тарифтік төлем 4800 теңгеге төмендеген. Ойлап қарасаңыз 14 күнге созылатын ем-шарада жататын төсек-орныңыз, 3 мезгіл ыстық тамағыңыз, медицина қызметкерлерінің таңнан кешке дейін жасайтын емі осы қаржыға оп-оңай сыйып кетіп отыр. Арнайы емделіп, денсаулығын түзеуге барғандар үзілді-кесілді сауықтырудың үнемдеу ережесіне көндіге алмай, соңғы жылдары наразылық тудыруда. Ол үнемдеудің ішінде күнделікті жарықтың қуаты, ыстық-салқын суды пайдалану, парафин балшықпен емдеудің барлығы кіреді. Одан бөлек, алғаш есігін айқара ашқалы жөндеу көрмеген ғимарат теріс бағыттағы желдің әсерінен қыстыгүні терезеден келген желдің салқын буыны денеңді шымырлатып, ауруға ауру жаматады. Әрине, бұның барлығы емделушінің  жайбарақат ем алуына кедергі. Аты аталған сынақтың ардагерлері Үкіметтен онсызда жарытып әлеуметтік көмек алғандары аз. Ең ақырында жылына бір рет денсаулығын реттеу үшін тегін берілетін көмектің сиқы осындай.  Тікелей мемлекет басшысының бұйрығымен салынған «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығындағы кемшін тұстарды ескере отырып, жоғарыда айтылған Жолдаудағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, оны насихаттау шараларын белсендірек жүргізгеніміз абзал. Медицина қызметкерлерінің жұмыс қабілеттілігін жақсарту үшін арнайы жағдай жасау керек. Санаторлы-курорттық емі туризмі туристік классификация ішінде өзіндік орны бар. Соған орай Жаңақаладағы сауықтыру орталығының ішкі ресурстарын зерттеп, талдап, арнайы комиссия құрып, Жаңақала ауданының әкімдігі мұрындық болып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басты назарға алып, Жаңақаланың жайсаң да, жарқын, жанашыр кәсіпкер тұрғындары республика бойынша облыс көлеміндегі ересектерге арналған жалғыз сауықтырудың 10 жылдық мерейтойына орай ескірген медицина аппараттарын ауыстырып, ішкі жұмыстарға көңіл бөліп, тарифтік жоспарды қайта қарауға алуды сұраймын.

Райымбек ҚАЙРАТҰЛЫ,

Орал қаласы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.