12.06.2019, 17:22
Қараулар: 521
Арманға қанат қаққан күн

Арманға қанат қаққан күн

12 маусым күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында алтын ұя мектептерін биылғы жылы “Алтын белгiмен” және “Yздiк аттестатпен” бiтiрушi жас түлектердi салтанатты түрде құттықтау рәсiмi болып өттi.   Аталмыш жиынға аудан әкімі Н.Қарағойшин, мәслихат хатшысы З.Сисенғали, ардагер ұстаз Н.Өтешова, ата-аналар, ұстаздар және оқушылар қатысты.

«Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерін құттықтаған Наурызбай Қадырбайұлы бүгінгі түлектердің әлемге Тәуелсіз Қазақстан деп танылған мемлекетте туып-өсу, ел дамуымен бірге білім алу бақыты бұйырған ұрпақ екендіктерін, сонымен қатар, оларға жаңалыққа жаны құмар, әлем өркениетіне жақын, озық ойлы жастар ретінде үлкен міндеттер жүктелетінін атап өтті.

– Адамзат баласы өмір бойы білім жинайды. Өйткені білім – жалықтырмайтын жол, таусылмайтын қазына. Сіздер ізденудің алғашқы баспалдағын аяқтап, келесі биік сатыларына аяқ басқалы тұрсыздар. Ардақты ұстаздардан алған сапалы білімдеріңіз бен саналы тәрбиелеріңіздің арқасында ел сенімін ақтап, қасиетті Отанымыздың нағыз патриоттары болатындарыңызға сенемін. Алдағы алар асуларыңыз биік, мұраттарыңыз асыл болсын! Сапарларыңыз сәтті болсын!-дей келе, аудан басшысы үздіктердің кеудесіне «Алтын белгі» тағып, «Yздiк аттестат» иегерлерін марапаттап, гүл шоқтары мен алғысхат табыс етті.

Салтанатты шарада мектеп қабырғасында бiлiмнiң асылы мен жақұтын бойға жинап, аудан абыройын асқақтатып, ұядан түлеп ұшқалы тұрған түлектердi құттықтап, үлкен өмiрге аттанған қадамдарына сәттiлiк тiлеу үшiн ардагер ұстаздар, аудандық ұстаздар кеңесінің төрағасы Н.Өтешова, ата-аналар, ұстаздар сөз сөйлеп, үздiктерге жылы лебiздерiн бiлдiрдi. Одан әрі салтанатты шарада ауданның үздік оқушыларының атынан Жаңақала мектеп-гимназиясының түлегі Асыл Құрамысова сөйледі.

Бүгінгі түлектер атынан көрсетілген қолдауларға алғыстарын білдірді, ХХІ ғасырдың білімді азаматы ретінде тек биікке қарай өрлеуге, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосатын маман болатындарына сендіріп, елдің игілігі үшін еңбек етуге сөз берді.

Салтанатты шара одан әрі №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінде жалғасын тапты. Үздіктер марапатталды. Әсем ән-күйлер орындалып, салтанат соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Бiтiрушi түлектер қоштасу әндерін орындап, естелiк суреттерге түстi.

Еске сала кетсек, былтырғы оқу жылында ауданда 260 түлек аяқтаса, оның 178-і ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатысқан. Оның 8-і «Алтын белгі», 7-і «Үздік аттестат» иегері атанған. Ал биылғы жылы аудан бойынша мектеп бiтiрушi 249 түлектердiң iшiнен оқ бойы озып шығып, биiк белестердi үлкен абыроймен бағындырған 9 шәкірт «Алтын белгі», 7-уі “Үздiк аттестатпен” бiтiріп, өз білімдерін дәлелдеп, ұстаздар мен ата-ана сенімін ақтап шықты.