4.06.2019, 17:25
Қараулар: 242
Ардагерді мерейтойымен құттықтады

Ардагерді мерейтойымен құттықтады

Аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы ардагер, ұзақ жыл бойы ауданымыздың дамуына өзіндік үлес қосқан Тарих Абилхасұлын 80 жасқа толуына орай қабылдады. Аудан басшысы ардагерді мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.

— Сіз сынды азаматтарымызды үлгі тұтып, олардың өзі барында бағалап, жасаған игі істерін ғибрат ету – азаматтық парызымыз. Сіздің еңбек жолыңыз адал да, қажырлы істерге толы. Сізді аудан жұртшылығы атынан 80 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын,- деп аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы ақсақалдың иығына шапан жауып, алғысхат табыс етті. Сосын аудандық мәслихат хатшысы, ақын Закария Сисенғали, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Махсот Шапихов және әріптестері Тарих атаның еңбек жолын сөз етіп,  ата туралы қызықты әңгімелерін айтып берді. Кездесу соңында мерейлі жасымен құттықтап, қабылдаған аудан әкімдігіне ардагер өз ризашылығын білдіріп, еліміздің тыныштығы мен амандығын тіледі.

Тарих Абилхасұлы 1939 жылы 3 маусым күні Жаңақала ауданына қарасты Таубұйрат ауылдық кеңесі, Үштаған ауылында дүниеге келген.  С.М.Киров  орта мектебін 1958 жылы бітіріп, кейін 1960-1962 жылдары Қызыл Армия қатарында әскери борышын өтеген. Алматы қаласынан есеп-қисап техникумын 1968 жылы тәмәмдап, кейін жолдамамен Мәстексай ауылында банк инспекторы болып қызмет атқарған. 1969 жылы облыстық жолдамамен Қаратөбе банкіне аға инспектор болып жұмысқа орналасқан. Жаңақала ауданы қайта құрылғаннан кейін 1972 жылы осы аталған мекемеге бөлім басшысы қызметіне ауысқан. Қызмет атқарып жүріп 1974 жылы Алматы қаласының ауыл шаруашылық институтына сырттай бөлімге түсіп, оны 1979 жылы бітірген. 1988 жылдан бері Жаңақала аудандық салық мекемесінде бас инспектор болып қызмет атқарған Тарих Абилхасұлы 2002 жылы зейнет демалысына шыққан.

 

 

 

 

Құттықтаулар

Басқа да мақалалар