16.09.2019, 15:30
Қараулар: 150
Ашық трансформаторлар ажал құштырмасын

Ашық трансформаторлар ажал құштырмасын

«Қате деген аяқ астынан» деп дана халқымыз текке айтпаған. Күні кеше ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көршілес Ақжайық ауданында қайғылы оқиға орын алды. Оқушы бала трансформатордағы жоғары кернеулі тоққа соғылып, денсаулығына зақым келді. Әлбетте, өкінішті… Иә, бұндай қайғылы жағдайдың біздің ауданымызда қайталанбасына кім кепіл? Біреу білсе біреу білмес, осыдан бірнеше жыл бұрын өзіміздің Пятимар ауылдық округінде дәл осындай жағдай болды. Оқушы баланың трансформатордағы токқа жабысып қалып, оқиға орнында о дүниеге аттанып кете барғаны тұрғындарымыздың есінен кете қоймаған шығар. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын алуға аз да болса септігіміз тисін деп қолымызға қалам алып, журналистік зерттеуге кірістік. Ең бірінші аудан орталығындағы трансформаторлардың жәй-күйін көзбен көру мақсатында  қызметтік көлікпен аралауға шықтық.  Аудан орталығын аралау барысында бірнеше ашық әрі қоршалмаған трансформаторларды кезіктірдік. Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін нақты қай жерде екендіктерін де жаза кетейік. Мұхтар Мирманов көшесінде орналасқан «КТП 21» деген жазуы бар трансформатор ешбір қоршауға алынбаған. Бірлік көшесінің бойында орналасқан 20 саны көрсетілген үлкен трансформатор да қоршаусыз. 302 саны жазылған ауылымыздан шеткерірек орналасқан трансформатордың қоршалған аузы ашық тұр. Болашақ ықшам ауданы, №21 үйдің бұрышында орналасқан трансформатор (нөмірі жазылмаған) да ашық әрі еш қоршау қойылмаған. Халыққа қызмет көрсету орталығының артында орналасқан ИНВ №267Р5А нөмірлі 24 таңбаланған трансформатор да ашық. Жаңақала мектеп-гимназиясына өте жақын орналасқан Сырым Датұлы мен Сәлім Айтқұлов көшелерінің қиылысында тұрған трансформаторға қоршау қойылмаған. Ол жерден күніге сол мектепке барып, үйлеріне қайтатын оқушылардың көпшілігі өтеді. Ойын баласы әр нәрсеге өрмелеуге, тиісіп көруге құмар болады ғой. Оларға да кесірін тигізері айтпаса да түсінікті. Фотоаппаратқа суретке түсірген кезде мектеп оқушылары өтіп бара жатты. Аталған трансформаторлардың барлығы адам өміріне өте қауіпті. Ашық жатқан жоғары кернеулі трансформаторлар кемі 10 мың КВ тоқты таратады. Адамға өтетін болса өзіңіз ойлай беріңіз. «Сеспей қатырады», «Күл ғып жібереді» деген теңеу осы трансформатордағы токқа қатысты айтылғандай. Аудан орталығындағы жоғары ток кернеуін беретін трансформаторлардың кейбіреулерінің жағдайы жан шошырлық. Қоршалғандарының  өзінде құлып салынбағаны да көңілге күмән салды. Трансформаторларға жауапты мекеме ретінде аудандық электр жүйесі мекемесінің жұмыс телефонына қоңырау шалдық. Электр жүйесінің басшысы кезекті еңбек демалысында екен. Орнында міндетін уақытша атқарушы бас инженер Жансейіт Аронұлы бұл жөнінде хабардар екенін, алдағы уақытта атқарылатындығын тілге тиек етті. Бірақ алдағы уақыттың да бір мөлшері болады емес пе? Ол кісі «Аудан әкімдігіне бұл мәліметтерді бердік, қоршалуына көмектесеміз деді. Тек қана біз емес, оларға да қатысы бар» дегенді айтты. Бас инженермен байланысқанымызда «Қаладан қалған материалдарды бізге берулері керек, сол себепті екі жақты жұмыс арқылы істелетін шаруа, сол құжаттарды апаруға аудандық әкімшілікке бара жатырмын. Түстен кейін хабарлас, сол кезде нақты мәліметін, қанша КТП бар, қаншасы қоршалған, қаншасы қоршалмаған бәрін айтамын» дегенді және айтты. Түстен кейін тағы да аудандық электр торабы мекемесін телефон арқылы мазаладық. Бас инженер мырза жұмыстарының қауырт екенін, ешқандай ақпарат бере алмайтындығын жеткізді. Айтқан мәліметін нақтылау үшін аудан әкімдігіне бардым. Аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы «Қоршауы жоқ трансформаторлардың қоршалуына кімдер жауапты?», «Қандай шаралар қолға алынуда?» деген сұрақтарымызға былайша жауап берді.

«2018-2019 жылы ауданымыздың жаңа құрылыс нысандары салынған бөлігіне инфрақұрылым жүргізілді. Ол жақта барлығы жап-жаңа трансформаторлар. Олар біздің балансымызға кіреді. Жалпы саны – 12. Олардың барлығында қоршау бар. Ал, аудан орталығының ескі бөлігінде орналасқан трансформаторлардың барлығы «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы» компаниясына тиесілі. Тұрғылықты халық электр энергиясын қолданғаны үшін және қызметтері үшін тиесілі ақыны төлеп отыр. Сол себепті қауіпсіздігіне де сол тарап жауапты. Теңгерім соларда болғаннан кейін уақытылы күтім жасап, майлап-сайлап әрі қоршап қою олардың қызметтеріне кіреді. Қоршалғандарының есіктерін құлыптап қою керек. Ешкім ашып кірмейтіндей болуы керек қой былайша айтқанда. Жалпы айтқанда олардың құзіретіндегі шаруа бұл. Әлбетте біздің аумақта орналасқасын біздер адамдардың қауіпсіздігі үшін көмектесуге әзірміз. Қазіргі кезде облыс орталығындағы Орал қаласында қайта жөндеу жасалған ескі қоршауларды аудан орталықтарына бөліп беріп жатыр. Біз өзімізге қажеттіні тасып жатырмыз, бірақ әлі толық әкелмедік. Аудандық электр жүйесі мекемесінің бас инженері Жансейіт Аронұлына есебін беріңдер деп айтқанмын, әзірше есебін алдыма әкеліп ұсынбады. Олар ұсынғаннан кейін аудан басшысына айтып, электр мекемесімен келісіп, қарап беру жағын ойластырудамыз. Ал, түптеп келгенде қоршау, қадағалау сол «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы» деген компанияның құзыретіне жатады».

Қай нәрсенің де жасалу мерзімі болады емес пе? Ауылымыздағы ашық жатқан трансформаторлар қашан қоршалып бітетінін білейік деп сауал тастағанымызда аудан әкімінің орынбасары былайша жауап берді.

«Ол шаруаны барынша тездету керек. Аудандық электр жүйесінің торабы бізге қанша материал, қанша тіреу керек соның санын беру керек. Көлемін айту керек қысқаша айтқанда. Олар есептеп жатырған болуы керек шамасы. Олар ұсыныс жасап, санын берсе біздің тарап материалдарын тауып беруге әзірміз. Егер бәрі үйлесіп, олар есебін беріп, біздер материалын тауып берсек, өздері қоршауы керек. Оны біз барып қоршап бермейміз, тек материалын ғана алып бере аламыз. Онда да ұсыныс жасап, нақты санын көрсетсе. Біздің тарапымыздан көмегіміз сол болмақ».

Келесі күні арнайы уақыт бөліп аудандық электр жүйесі мекемесіне бардым. Бас инженер Жансейіт Аронұлы мырза орнында екен. Аудандық электр жүйесі басшысының міндетін уақытша атқарушы ағамыз ақпарат беруден ат тонын ала қашты. Облыстағы басшыларынан «Ешқандай мәлімет бермеңіздер!» деген пәрменнің түскенін алға тартты. Осыған дейін телефонмен сөйлескенде облыстағы басшыларының Орал қаласының әкіміне ұсынба қағазы бар екенін айтқан болатын. Оны фотоаппаратымызға суретке түсіріп алдық. Зер салып қарасақ ол тек өтініш түрінде орысша жазылған құжат боп шықты. Қыркүйектің 9-жұлдызында еңбек демалысындағы электр жүйесі мекемесінің ауданымыздағы басшысы Бауыржан Қанатұлымен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Бас инженерге қойған сұрақтарымызды ол кісіге де айттық. Бауыржан Қанатұлы бұл мәселеге қатысты мынадай пікір білдірді.

«Көтеріп отырған мәселелеріңіз өте орынды. Жалпы Жаңақала ауылында 66 ЖТҚС (жинақы трансформаторлы қосалқы станция) бар. Оның 14-і қоршалмаған. Ескіріп, қоршауы алынғаны да бар. 10 мың КВ электр қуатын 380/220 КВт қып бөлетін станциялар адам өміріне жоғары деңгейде қауіпті. Жерден биік орналасқан трансформаторлар қоршалуға жатпайды. Үлкен трансформаторлардың құлыпын ашып, биікте орналасқан электр ЖТҚС-қа адамдар өздері әдейі мініп немесе құлыптаулы тұрғанның құлпын бұзып кіріп, одан кейін зақымданса біздің мекеме жауапты емес. Бір ғана нәрсені анық айта аламын. Біздің мекеме тікелей облысқа қарайды. Сол себепті біздер қанша талпынсақ да ешнәрсе істей алмаймыз. Сондықтан біз аудандық әкімшілікке ұсынба қағаз әзірледік. Сол жұмыстармен қазіргі кезде айналысып жатырмыз».

 

Айналысып жатырмыз дегеніне де біраз айдың жүзі болған секілді. Осы кезге дейін бақылауға алынбағаны ма сонда? Аудандық әкімдік көмектесеміз деп отыр, электр жүйесінің мекемесі ұсынба қағаздарын дайындауда. Енді істің ақырын күтеміз. Облыстағы басшылары ақпарат беруге тыйым салған екен. Сұрастырсақ,  көңілге қонбайтын нәрселерді айтады. Сол себепті біз өз тарапымыздан осы істің басталуына түрткі бола алсақ, біздің мақсаттың орындалғаны деп білеміз.

 

P.S: Қадірлі оқырман, біз бұл мақаламыз арқылы біреуді кінәлайын деп отырғанымыз жоқ. Бір тарапты жазықты, жексұрын қылу да мақсатымыз емес. Тек тұрғындарымыздың өмір қауіпсіздігін ойлау тұрғысында жаздық. Айтпақшы, осы мақаланы жазу барысында «Батыс Қазақстан электр таратушы» компаниясының бас инженері Серік Зейноллаұлымен де телефон арқылы сөйлескен болатынбыз. Ол кісі «2-3 жыл көлемінде толық қоршалып бітіп қалады» деген пікірін жеткізді. 2-3 жыл көлемі деген біраз уақыт ойлап қараған адамға. Құдай бетін әрі қылсын бірақ Жаратушы Жаббар Иеміз де сақтанғанды сақтайды. «Сақтықта қорлық жоқ» деген дана халқымыздың сөзін естен шығармай, соған сай әрекет ете білсек, қанеки.