13.09.2019, 15:31
Қараулар: 145
Жолдауды талқылады

Жолдауды талқылады

Жаңақала ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың  «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және іске асыру жөніндегі Жаңақала ауданы активінің жиыны өтті.

Актив жиналысына аудан активі, мекеме мен бөлім басшылары, ауыл әкімдері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Актив жиналысын аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ашып, Президент Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы ауданның атқарушы органдарының жұмысы туралы баяндама жасады. Одан әрі аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали, еңбек ардагері Молдағали Тәжиев, ардагер ұстаз Рая Апақаева, аудандық орталық аурухана директоры Шыңғыс Сәрсенғалиевтар Жолдаудағы басым бағыттарды атап өтіп, қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат болып табылатындығын айтты.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Дина Даниярқызы Қ.Тоқаевтың Жолдауын тыңдаған орталық ұжым ел басшысының мәдениет қызметкерлері, музей мамандары мен кітапханашылардың жалақысын өсіру туралы жоспарына ерекше қуанышты екенін жеткізіп, Жолдаудың үлкен серпін бергенін баяндады.

-Жолдаудан біздің түйгеніміз – мемлекеттің алдағы дамуы айқын. Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам белсенділері жұмыс тиімділігін арттырса, үлкен нәтижелерге қол жеткізу қиын емес. Әрқайсымыз азаматтардың өмір сүру сапасын көтеру туралы Елбасы стратегиясының жүзеге асырылуына жауаптымыз.

Келер жылы аталып өтетін  маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды. Атап айтқанда, Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеміз. Сондай-ақ, биылғы Жастар жылы Волонтерлар жылымен жалғасатын болады. Одан әрі Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуге дайындықты бастаймыз.

Осы орайда, Мемлекет басшысы атап өткендей, ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек.

Осынау елеулі оқиғалар мен тарихи даталар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін және үлкен мақсаттарға жетелейтін бағытта  ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын,-деп аудан әкімі Н.Қадырбайұлы жиынды қорытындылады.