11.09.2019, 15:40
Қараулар: 154
Банка жабу – берекелі іс

Банка жабу – берекелі іс

Күн суытқанда тұздалған, қытырлақ қияр мен қызанақ, түрлі салат пен компот, шырын ішкенді әркімнің жаны сүйетін шығар. Қыстың қамын жаз ойлайтын ауылымыздың қыз-келіндері қысқы азық дайындауды бастап та кетіпті.  Үй шаруасына да, жұмысқа да уақыт тауып, банка жауып жүрген ауылымыздың пысық келіндерімен тілдесіп, оқырмандарымызға оларды үлгі ету мақсатындағы мақаламызды жолдап отырмыз.

Сәрсенғалиевтер әулетінің келіні Мирамгүл Лайыққызы Ақтөбе қаласының тумасы. 2003 жылы жаңақалалық Шыңғыс Сәрсенғалиевпен отбасын құрған Мирамгүл жеңгеміз дүниеге 2 ұл, 2 қыз әкеліп, бүгінде бір отбасының отанасы атанған. Өзінің негізгі жұмысы бола тұра «Қысқа азық дайындап, банка жабу – менің хоббиім» дейді кейіпкеріміз.

— Өзім Жаңақала аудандық балалар бөбекжайының әдіскері болып қызмет жасаймын. Бұрын Жаңақалада тұрып, өз үйіміз болғанда бау-бақша егіп, қысқы азықты өз бақшамыздан дайындаушы едім. Қазір үкіметтің берген қызметтік үйінде тұрғандықтан, бау-бақша егілмей қалды. Сонда да күз мезгілі жеткенде өзім ұнататын істің бірі – банка жабудан қол үзген емеспін. Қазір банка жабуға көкөністер мен жеміс-жидектерді базардан арзанға сатып аламын. Қыста жеміс жидектерді табу қиын, әрі олардың бағасы да шарықтап кетеді.  Қыз күнімде үйде анам екеуміз банка жабатынбыз. Сол кездері бір жылда 500 банка жапқанымыз әлі есімде. Ал қазір жылына 250-300 деген банка жабамын. Банка жабуға ұл-қыздарым қолғабыс болып, отбасы болып бірге еңбек етеміз. Кейде құрбы-құрдастарым, әріптестерім келіп көмек сұрайды. Солармен бірігіп те жабамыз. Қазір қыздарым да банка жабуды үйреніп алды. Салат, компот дегендерді өздері-ақ жаба береді. Әзірге 180 банка жауып қойдым, әлі де осындай банка жабамын деп отырмын,- деген Мирагүл Лайыққызы жапқан банкаларын қыс мезгілінде жақын-жуықтарына үйлестіретінін, сонымен қатар қонаққа бара қалса қолына өзі жапқан банкаларын ұстай баратынын да айтты. Ол тіпті  редакциямызға сұқбат беруге келгенде де «Дәмін көріңіздер. Дәмін көрмей, қалай мақала жазасыздар» деп қолына 3-4 банка да ұстай келіпті. Сан алуан жеміс-жидектерден жасалған банканың ішіндегі салаттары мен күтірлек қиярлары шынымен де тіл үйірердей дәмді екен. Редакцияда отырып сұқбат берген ақкөңіл, әңгімешіл жеңгеміз қазіргі адам ағзасына пайдасынан көрі зияны көп дүкен сөрелерін қаптаған банкалар мен консервілерге қарағанда, үйден жабылған табиғи өнімнің артықшылығы туралы да әңгімелеп берді. Дастарқанын өзі дайындаған тағамдармен жайнатып қоятын Мирагүл «Банка жабу – тек қысқы азық дайындау ғана емес, ол балаларды еңбексүйгіштік пен бірлікке тәрбиелеу» дейді.

Келесі кейіпкеріміз Шатаевтар отбасының келіні – Динара Ахатова. Бірлігі жарасқан Шатаевтар әулетінің ауласы ауылымыздағы жасыл желекке оранған үздік аулалардың бірі. Қамшысын сүйреткен аязды қыстың қаһары кетіп, жер бетін жадыратып көктем келгеннен бастап қолдарына күрек-кетпендерін ұстайтын бұл отбасының ауласында қияр, қызанақ, асқабақ, балгар бұрышы, қауын, құлпынай сынды көкөністермен қатар, алма, өрік, шие, қара өрік сынды сан алуан жеміс теректері де өседі. Бау-бақша егу жұмысы жеке шаруадағы отағасы Оралбай ағамыз бен оның ұлы Жандостың еншісінде екен. Ал оның арам шөбін жұлып, суарып, күтіп ұстауды барлық отбасы мүшелері бірігіп атқарады. Ата-енесінің еңбегін зая жібермей, әр алған өнімді кәдеге жарату бұл отбасының келіні Динараның сүйікті ісі.

— Атам жолдасым Жандос екеуі көктем мезгілінде жер қопсытып, бақша орнын дайындайды. Одан кейін енем екеуміз күзде дайындап қойған дәндерді отырғызып, бақша егуге көмектесеміз. Шарбақ іші жайнап тұрғаны жақсы ғой. Жұмыстан шаршап келгенде таза ауа мен жайқалып тұрған бау-бақша шаршағаныңды басып, көңіліңді бір сергітіп тастайды. Осы отбасына келін болып түскеннен бері ата-енемнің еңбекқор жандар екенін көріп, осындай отбасына келін болып түскеніме қуанамын. Біз жолдасым екеуміз де қарап жатпай, әр кезде де отбасылық іске білек түре кірісіп кетеміз. Бұл біздің отбасының бір ерекшелігі десем артық айтқаным болмас. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші,  отбасымызбен ала жаздай маңдай терімізді төгіп өсірген өнімімізді қалайша мақсатсыз жұмсайсың? Ата-енемнің еңбегін бағалаған мен әрбір жемісті, әрбір көкөністі пайдаға жаратуға тырысып отырам. Сол себепті жыл сайын өз бау-бақшамыздан шыққан өнімдерді қысқыға дайындап, консервілеп банкаға жауып тастаймын. Әр жыл сайын енеміз екеуміз 300-350 банка жабамыз. Қазір банка жабу науқаны басталып кетті. Қазірдің өзінде біз 250-ге жуық банка жаптық.  Негізінен қияр мен қызанақтан бөлек компот, салат, лечо салатын жапқанды ұнатамын,- деген ибалы да, еңбекқор келін Динара банка жабудың қыр-сырын көрші апасы Нұрсұлудан үйренгенін де жасырмады. Динара жабылған банкалардың тең жартысын қыс бойы өздері қорек етсе, жартысын елді мекендердегі ағайын-туыстарына сыйлайтынын айтты.