14.10.2019, 9:44
Қараулар: 250

Жол сапасы назарда

Жолдың айналасындағы «айқайлар» әлі де толастамай тұр. Жыр болған 17 шақырымға біздің де көңіліміз алаңдаулы. Себебі, жол шынтуайтына келгенде қарапайым халықтың игілігі үшін салынатын нәрсе емес пе?! Ауылдағы таксистер, көлік тізгіндеген біраз азамат шағым түсіргеннен кейін «Nur Otan» партиясы Жаңақала аудандық филиалы жанындағы бақылау комиссиясы мүшелері және аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері аудан әкімдігінің қызметкерлерімен бірігіп Ақжайық-Жаңақала-Сайхын автожолының сапасын тексерді. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов бастаған комиссия құрамында аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы және аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері мен белсенді жандар болды. Комиссия мүшелері «Қамыс-Самар» мейрамханасында жол салушы компанияның басшыларымен әрі тапсырыс беруші тұлғамен кездескен болатын. Таксистердің талап-тілегін жеткізген Руслан Оразалиевтің айтуынша салынып жатырған жолдардың сапасы сын көтермейді. Мәселен, аудандық мешітке бұрылатын тұс, оған қарама-қарсы жағы және жолдың бойындағы дірілдектер, жолдың тарлығын ауыл тұрғыны Тыныштық Өтешқалиев айтып, ескертті. Газетіміздің №33 санында 4-бетте аудан әкімінің құрылыс нысандарын аралағанын жазған болатынбыз. 113-130 шақырым аралығындағы жолға 882 млн. 797 мың теңге бөлінгенінен көзіқарақты оқырмандарымыз хабардар. Наразы болған, жолдың сапасына алаңдаулы жандардың қарасы көп болғанымен, санаулы жандар ғана келді. Әлихан Декартұлы мен Тыныштық Өтешқалиев те аудан тұрғандарының жанайқайын жеткізіп, қауіпсіздік шараларының дұрыс атқарылмай жатқандығын тілге тиек етті. Ал, жол салушы мамандар сұрақтарға барынша байыппен жауап берді. Осы орайда жол салушы компанияның орынбасарының, тапсырыс берушінің және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының да пікірлерін білген едік.

 

 

Ниносян АГОНЭС, «Ануш-құрылыс» ЖШС компаниясының директорының орынбасары:

— Жұмыс тәртібі кесте бойынша жүріп жатыр. Біз кестені өзгертіп отырамыз. Нысан жылжып кетті, бірақ биыл аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Келесі жылға тек қашықтықтың белгілері мен жол белгілері қалады. Егер ауа-райы мүмкіндік берсе, биылғы жылы жол белгілерін орнатамыз. 4 шақырым асфальт-бетон қалды, сызу толық аяқталған жоқ. Басқалай барлық жұмыстар аяқталды. Жұмыс барысында ешқандай ескертулер болған жоқ. Бірнеше мәрте тексерілді, лабораториядан «асфальттың сапасы нашар» деген қағаз келген жоқ. Ауыл тұрғындарының аздаған наразылықтары бар секілді, бірақ біз ол олқылықтардың орнын толтырамыз.

 

Әлия ҚАЙДАРҚЫЗЫ, Автомобиль жолдарын салу, жөндеу және қайта жаңарту бөлімінің басшысы:

— 17 км. асфальттың барлық жері 7 метр. Жолды қайта жөндеп жатырған «Ануш-құрылыс» ЖШС-нің мамандары асфальтты салып жатқанда тексереді, одан кейін артынан тағы өлшейді. Сол үшін біздер оған ақша төлейміз. Бұл әлі тапсырылмаған жол біріншіден, екіншіден бұл компаниямен арада келісімшарт бар. Егер жолдың бір жерінен ақаулар шығып жатса көрсетілген мерзім ішінде сол компания жауапты болады. Сол себепті ешқандай алаңдайтын нәрселер жоқ деп айта аламын. «Сапа орталығы» тексерді, арнайы мамандар терминімен айтқанда технодзорлар белгіленген қашықтық сайын бұрғылап, зерттеу орталығында тексерді. Үшінші категориялық жолдың бетін өзінің қалпына келтіру үшін аталмыш компания өз қаражаттарынан жолдың екі жағындағы топырақтарын түйіп келтіріп жатыр.

 

Рухолла АМАНҒАЛИҰЛЫ, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

— «Nur Otan» партиясының бақылау комиссиясының жұмысы бойынша Ақжайық-Жаңақала-Сайхын автожолының 113-130 шақырымдарының орташа жөндеу жұмыстарын тексердік. Ауыл тұрғындары шағым түсіріп, ауыл ішіне кіре берістердегі бөліктердің ойылып қалғандығын және тегіс емес екендігін, жол жиектері сапасының нашар екендігін ауызша әрі жазбаша түрде жеткізді. Аудан орталығына кіретін қақпадан кейінгі тұстағы жолдардың кедір-бұдырлығын көздеріне көрсетіп, ескерту жасадық. Тексерісте анықталған кемшіліктердің барлығын мердігер мойындап, жол аяқталғаннан кейін 2-3 жұмадан соң барлығын түзетеміз деп уәде берді. Әлі жол тапсырылған жоқ. Жолды толықтай тапсырарда осы бақылау комиссиясы тағы да шығып, кеткен кемшіліктердің түзетілгендігіне көз жеткіземіз. Жол сапасын, әрі жөндеу жұмыстарын әркез бақылауда ұстап отырмыз.