11.10.2019, 9:49
Қараулар: 239
«Кінәлілер қатаң жазаланса деймін…»

«Кінәлілер қатаң жазаланса деймін…»

Өткен аптаның басында редакция телефонына ауылымыздың тұрғыны Ғалымжан Сағынғалиев қоңырау шалған еді. Ол өткен жылдың сәуір айында аяғы ауыр келіншегі  Бибинұр Нығметованың  аудандық ауруханада кенеттен қаза болғанын айтып, сол жөнінде мақала жазуымызды өтінді. Сонымен оқиғаның мән-жайына тоқталсақ…

Бұл күн Ғалымжан ағамыздың отбасы үшін қарапайым күндердің бірі еді. Құдай қосқан қосағы Бибинұр екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, бесіншісін күтіп жүрген болатын. Сол күні түскі асты әзірлеп, дастарқан жайып жүрген Бибинұр өзін жәйсіз сезініп, жедел жәрдем шақырады. Жедел жәрдем келгесін «Сендер тамақтарыңды іше беріңдер, мен қазір келемін ғой» деп аяғы ауыр келіншек қаннен қаперсіз жедел жәрдемге мініп кете барды. Сол кезде 4 жасар кенже баласы жылап қоймағасын, ағамыз жеке көлігімен жедел жәрдемнің артынан баласын алып ауруханаға жол тартады. Аурухана дәлізінде тапжылмай отырып 2 сағат бойы күтеді. Арада 2 сағат уақыт өткенде дәлізге дәрігер шығып қаралы хабар жеткізеді. Осылайша аяғы ауыр келіншегі Бибинұр аудандық ауруханада кенеттен көз жұмады. Бұл қаралы күн 2018 жылдың 24 сәуірі еді. Ғалымжан аға тағдырдың бұл соққысын еш  түсінбестен төрт баласын құшақтап жалғыз қала барды. Онымен бірге тек «Не үшін?», «Қалайша?», «Неге олай болды?» деген сан алуан сұрақтар ғана қалды. Кейін сүйген жарын жер ананың қойнына тапсырып келгесін ғана  «Қазір келемін» деп өз аяғымен жедел жәрдемге мініп кеткен жолдасы қалайша о дүниелік болып кетті деген  сұраққа жауап іздей бастайды. Бұл жерде бір шикілік бар-ау деген күдікпен аудандық ішкі істер бөліміне барып, оқиғаның мән-жайын анықтап берулерін сұрап, арыз жазады.  Ғалымжан Сағынғалиевтың арызы бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп, іс Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласындағы «Сот сараптама орталығына»  жіберіледі.

— «Қазір келемін» деп кеткен жолдасымның не себептен қайтыс болып кеткенін әлі күнге дейін түсіне алмай жүрмін. Басында арыз жазғаныммен, түсініксіз жағдайда іс жабылып қалды. Содан мен бас прокурорға хат жазып, істі қайта тергеуді сұрадым. Менің өтінішім қабылданып, іс қайтадан ашылды. Егер мен сол кезде жоғарғы жаққа хат жолдамағанда, жабулы қазан жабық күйінде қалар еді. Сол күннен бастап тергеу жұмыстары жүргізіліп, істі Астана қаласына сараптама жасауға жіберді. Қазір Астана қаласынан келген сот медициналық сараптамасында дәрігерлердің қателіктері айтылған. Сараптамада аудандық аурухананың терапевт, акушер-гинеколог, хирург, анестезиолог  дәрігерлердің  жұмысындағы салғырттықтары жазылған. Қазіргі танда сараптама қорытындысы келгенімен,  іс әлі күнге алға жылжымай отыр. Менің жалғыз тілегім де, талабым да көз қысты, бармақ бастылыққа салынып кетпей, жолдасымның өліміне кінәлі адамдар заң жүзінде қатаң жазаланса екен деймін. Ауданымызда қаншама келіншектер бар, менің басымнан өткен қайғылы оқиға олардың басынан өтпесін, бұндай жағдай қайталанбаса екен. Міне, менің шапқылап жүргенім де осы үшін,- дейді Ғалымжан аға өз сөзінде.

Сонымен ағамыздың қолымызға ұстатқан «Медициналық сот сараптама орталығынан» келген 69 беттік сараптама көшірмесіне көз жүгіртер болсақ, Бибинұр Нығметованың өмірін сақтап қалуға болатындығы тайға таңба басқандай етіп жазылған екен. Осы сараптаманың 60-бетіндегі «Ана мен баланың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі болды ма?» деген сұраққа дер кезінде дұрыс көмек көрсетілсе сақтап қалуға болатындығы жазылған. Сондай-ақ, 67-бетте уақытылы, әрі сәтті наркоз салынған кезде және дер кезінде ота жасалған болса науқастың өмірін арашалап қалуға 100 пайыз мүмкіндіктің болғаны жазылған.

Қорыта айтқанда біздің тілегіміз де, осы мақаланы жазудағы мақсатымыз да Ғалымжан ағамызбен сәйкес келеді. Бұл жерде біз біреуді кінәлаудан аулақпыз, кінәлі жандарды анықтайтын, оларды жазалайтын арнайы сот органдары бар. Ендеше, әділдіктің қылын қақ жаратын біздің сот органдары ел назарында отырған бұл оқиғаға әділ төрелік айтады деген сенімдеміз.

Н.ҒАББАС