29.11.2019, 17:58
Қараулар: 516
Әлеуметтік төлемдер бойынша жаңа өзгерістер

Әлеуметтік төлемдер бойынша жаңа өзгерістер

Елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы тағайындалып және атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдері енгізілетін болады.

Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны енгізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша, ҚР Еңбек министрлігі әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі  бағыттарының бірі болып табылады.

Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда.

Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады.

4 балаға – 42 500 теңге,

5 балаға – 53 125 теңге,

6 балаға – 63 750 теңге,

7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге.

Бұл төлем, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпарациясы КЕ АҚ БҚО бойынша әлеуметтік қамтамасыз ету филиалы (зейнетақы төлеу орталығы) арқылы тағайындалып, төленеді.

Ал, атаулы әлеуметтік көмек – тоқсан сайын тағайындалып, ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Отбасының «Жан басына шаққанда орташа табысымен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызының айырмасы» төленеді және тағайындалғанда балалар саны шектелмейді.

АӘК – тағайындау кезінде жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы табыс көзіне есептелетін болады.

 Атаулы әлеуметтік көмек  екі бағытта жүзеге асырылады:

-шартсыз АӘК – отбасының еңбекке жарамсыз (мүмкіндігі шектеулі адамдар, т.б.) мүшелеріне, бала тәрбиесіндегі жалғызбасты аналарға ақшалай төлем жасалады;

-шартты АӘК – отбасында еңбекке қабілетті адамдармен әлеуметтік келісімшарт жасау арқылы жүзеге асырылады. Егер отбасындағы еңбекке қабілетті азамат(ша) ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, АӘК-тің мөлшері бүкіл отбасына  тоқтатылады.

 

Қосымша тұрмысы төмен, атаулы әлеуметтік көмек алатын  отбасыларының балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакеті енгізілетін болады.

1 жастан – 6 жасқа дейінгі балалар азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан – 18 жасқа дейінгі балалар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтылады. Сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі.

Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

К.ДОСҚАЛИЕВА, Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы